Жаңалықтар

  21.11.16
 

   2016 жылғы 26 қазанда Катар ұлттық кітапханасының консервация бөлімімен кітап қоймасындағы биоауа мониторингісін жүргізетін CHECK'AIR құрылғысын көрсету бойынша онлайн-тұсаукесері өтті.

   Кітап қоймасындағы ауа сапасын үнемі тексеріп отыру құжаттарды ұзақ сақтау мақсатында ауаны бақылап отыру үшін қажет. Зең споралары мен бактериялар біздің айналамыздағы ауада әртүрлі мөлшерде болады. Зең спораларының ауадағы мөлшерін тексеру, оның қолайлы мөлшерін анықтауға мүмкіндік береді. Спора санының көбеюі ауа сапасының өзгергендігінен және зең басу қаупі жайлы хабар береді. Үнемі қадағалау биологиялық ластануды анықтауға және тиісті шаралармен қамдануға көмектеседі.
   Бір сағат бойы Катар ұлттық кітапханасының консервация бойынша технигі - Чанака Перера құрылғы туралы айтып, оның жұмысымен таныстырды. Құрылғы споралар мен бактерияларды кішкене камерасына аулап алатын вакуумдық ауа сорғыш сияқты жұмыс жасайды. Ауланған микроағзалар дайындалып қойған қоректік ортасы бар Петри шыны-аяғына қонып, кейін инкубаторға орналастырылады. Инкубаторда зең мен бактериялар колониясының дамуын демеу үшін қолайлы температура мен ылғалдық мөлшері беріледі. Бірнеше күннен соң ауадағы зең мен бактериялар мөлшерін анықтау үшін колониялар саналады.
   Колонияларды бір апта ішінде 3 рет санау керек (48 сағат, 72 сағат және 7 күннен кейін). Бактерия мен зеңнің әрбір үлгісінің инкубациялық уақыты әртүрлі болғандықтан, санауды бірнеше рет жүргізген маңызды, кейде, колониялар кішкентай болғандықтан, оларды бір-бірінен айырып тану қиын. Колонияларды санап бола салысымен, олардың үлгісі, орны, тексерілген ауа көлемі және пайдаланылған зат мөлшері көрсетіліп, арнайы журналда тіркеледі. Әр санақ колония шеңберінде немесе текше метрде көрсетіледі. Содан соң нәтижесі алдыңғы сериялармен және нақты орынның орта көрсеткішімен салыстырылады.
   Әр қоршаған орта өзінің дара тепе-теңдігі мен ауытқуларына ие, сондықтан кітап сақтау қоймасының нақты жерлердегі ауа алмасуының динамикасын анықтау мақсатында орта көрсеткіш осы жерді әр уақытта картографиялау арқылы белгіленеді. Карта неғұрлым егжей-тегжейлі болса, бактерия мен зең басудың бар–жоғын анықтау соғұрлым оңай болады.
   Онлайн-тұсаукесер Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының қорды консервациялау және қалпына келтіру мамандарының біліктілігін арттыру үшін пайдасы зор болды.

  

  

  

  

  

 


«« | »» « Артқа | Барлық жаңалықтар
  Соңғы жаңалықтар
04.10.17 2017 жылғы 26 - 29 қыркүйек аралығында ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Ж.Т.Сейдуманов және Қалпына келтіру, консервация және түптеу қызметінің жетекшісі Б.Ш.Сарсенбаева Ереван қаласында орналасқан (Армения) Матенадаранда өткен «Лики памяти. Новейшие технологии сохранения и восстановления рукописного и печатного наследия» атты VΙΙ Халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинарға қатысты.
07.09.17 2017 жылғы 26 тамыз - 2 қыркүйек аралығында Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының қалпына келтіру, консервациялау және түптеу қызметінің мамандары Б.Ж.Быдышев пен С.С.Ботабеков  Иран Ислам Республикасында (Тегеран) «Қағаз көздерін сақтау және қалпына келтіру теориясы мен тәжірибесі» тақырыбындағы тағылымдамадан өтті.
20.06.17 2017 жылы 14 маусымда Түркияның Туризм және мәдениет министрлігі Қолжазба мұралары депертаменті басқармасының басшысы Кутан Хусейн Жазба құжаттарды консервациялау және қалпына келтіру мектебінде болды.